Тараздық 100 тұрғын карантин біткенше тегін ыстық тамақпен қамтылады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облыстық жедел штабтың ұйытқы болуымен Тараз қаласындағы 100 тұрғын карантин мерзімі біткенше ыстық түскі тамақпен қамтылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған игі іске жомарт жандар демеушілік көрсетуде. Ол үшін облыс орталығындағы мұқтаж 100 адам іріктеліп алынған. Оларға түскі асты жеткізіп беруге волонтер жастар да тартылған.

Алғашқы күнгі ыстық тамақ «Chinara» мейрамханасында дайындалып, тараздық еріктілердің көмегімен үйме-үй жеткізіліп берілді.

«Ыстық тамақпен қамтылатын адамдардың санатына мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнетақысы төмен зейнеткерлер және жағдайы төмен жалғызілікті қарттар кіріп отыр. 100 адамды біз арнайы іріктеп алдық. Карантин уақыты біткенше осы тұрғындар түс мезгілінде бірінші және екінші ас мәзірлік тамақпен қамтылады. Сондай-ақ сусындар мен өзге де қажетті заттар жеткізіледі. Мүмкіндігі шектеулі және жалғыз басты жандарға үйме-үй тамақтарын жеткізіп беруге 10 тараздық ерікті ниет білдірді», – дейді Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова.

Айта кетейік, ас мәзірін «Дәмді тағамдар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Ғани Каримов 3 аспазшымен бірге тегін әзірлеген.


Соңғы жаңалықтар