Тараздағы жәрмеңкеде өнім 10-15 пайыз төмен бағамен сатылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласындағы әлеуметтік сауда орталығы мен «Grand bazaar» сауда кешенінің алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жәрмеңкеде Тараз қаласы мен Байзақ, Мойынқұм, Шу аудандары тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының сондай-ақ, «Алқаптан сөреге дейін» жобасына қатысушы жеке кәсіпкерлердің өнімі нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен бағада ұсынылды.

Жәрмеңкеде өткерілген тауарлардың жалпы құны 105,2 млн теңгені, көлемі 79,7 тоннаны құрайды. Оның ішінде 5,3 тонна ет, 1 тонна шұжық, 1,1 тонна сүт өнімі, 3 мың жұмыртқа, 0,2 тонна кондитерлік өнім мен 1,2 тонна макарон өнімі, 1,3 тонна балық, 10 тонна қант, 3 тонна ұн, 0,4 тонна бал және 53,1 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар.

Бұл күнгі жәрмеңкеге Байзақ ауданындағы «Дәурен» шаруа қожалығы 1,5 тонна сиыр, жылқы және қой етін әкелсе, «Жафар» мен «Ағали» қожалықтары 0,7 тонна сүт өнімін жеткізген. Сондай-ақ, Шу ауданындағы «Қалқа» шаруа қожалығы 2,5 тонна көкөніс, «Әбдікәрімова С.К» жеке кәсіпкерлігі 2 тонна «AIGERIM» атты макарон өнімін саудалады.

Аталған «Дәурен» шаруашылығының басшысы Маралбай Наурызбековіың айтуынша, мұндай жәрмеңке өнімін делдалсыз, тікелей халыққа өткізуге мүмкіндік береді.

«Біздің өнімдеріміз ешқандай қоспасыз, табиғи таза. Ал, мұндай өнімді ешқашан халықтың сұранысын төмендетпейді»,- дейді қожалық басшысы.

Айта кету керек, облыс орталығында қыркүйек айынан бастап 8 жәрмеңке ұйымдастырылып, онда жалпы құны 899,1 млн теңге 712,7 тонна ауыл шаруашылығы тауары сатылған.


Соңғы жаңалықтар