Тараздағы ұрланған сәби оқиғасы: Күдікті нәрестені сатпақ болған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда перзентханадан жаңа туған сәбиді ұрлап кеткен күдікті нәрестені сатпақ болған. Анықталғандай, баланы сатып алмақ болған отбасы Алматы қаласынан келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін хабарлағанымыздай күдікті қыз баланы қонақүйде асырап алушыға беру сәтінде қолға түскен. Дәрігерлердің айтуынша, сәбиді ұрлаған 22 жастағы келіншек маусым айында дәл осы орталықта кесір тілігінің көмегімен қыз баланы дүниеге әкелген. Тиісті ем-домын алған соң 5 шілдеде үйіне жіберілген. Алайда 3 тәуліктен соң келіп, медицина қызметкерлері кіретін есіктен баланы сыртқа алып шығып отыр. Алайда қылмысы бейнебақылау камерасы арқылы әшкере болды.

«Жанымда жатқан әйелдің қал жағдайын сұраймын деп кірген. Медицина қызметкерлері баланы тербетіп тұрған ғой. Тербетіп жүрген кезде телефон шырылдайды. Телефонмен сөйлесіп жатқан сәтін пайдаланып алып кеткен», – дейді облыстық перинаталдық орталығының бас акушері Сәуле Әлжанова.

Осы жайттан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасы ішкі тексеру жүргізді. Ісіне салғырт қарағаны үшін перзентхананың 2 бөлім меңгерушісі қатаң сөгіс алса, 4 қызметкер жұмыстан босатылған.

«Ішкі бақылау камераларының арқасында күдікті анықталды. Нәресте анасына қайтарылды. Қазіргі таңда нәрестенің жағдайы жаман емес. Өміріне қауіп жоқ»,- дейді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов.

Айта кетейік, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қазіргі таңда күдіктіге қатысты Қылмыстық Кодекстің 135-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Кінәсі толық дәлелденсе, 10 жыл арқалауы мүмкін. Қазір емізулі сәбиі болғаны үшін бұлтартпау шарасы тағайындалыпты. Келіншек бұған дейін істі болып, дау медиация арқылы шешіліпті.


Соңғы жаңалықтар