Тараздағы терактіге – 10 жыл: Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Осыдан он жыл бұрын 12 қараша күні Таразда қызметтік борышын орындау кезінде полиция капитаны Ғазиз Байтасов көз жұмған болатын. Ол граната жарған террористі өз денесімен жауып, ерлікпен қаза тапқан еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл сайын бұл күні Халық Қаһарманының жерлестері батырдың ерлігін еске алып, рухына тағзым етеді.

Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашевтың, Жамбыл облысы ПД бастығы Жанат Сүлейменовтің, батырдың туыстары мен ішкі істер органдарының ардагерлерінің қатысуымен дәстүрлі еске алу шарасы өтті.

«Ғазиз Байтасов қауіпті лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапты. Оның ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Отан алдындағы ерекше қызметі, қызметтік борышын өтеудегі ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ғазиз Байтасовқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Екі жыл бұрын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Таразда батырдың отбасымен арнайы кездескен еді. Биыл осы саябақта полиция капитанының ескерткіші ашылды. Жанын аямай, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған осындай батырларымыздан жас ұрпақ үлгі алуы тиіс. Елімізде әрқашан бейбітшілік болсын!» – деді облыс басшысы.

Мұрат Баймұқашев Ғазиз Байтасовтың есімі Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылғанын баса айтты.

«Біздің отбасымыз барша қазақ халқына, әсіресе жамбылдықтарға, ел басшылығына, жергілікті билікке, полиция департаментіне, Ғазиздің әріптестеріне және оны еске алушыларға үлкен алғыс білдіреді. Сіздер қиын сәттерде мені және менің ұлдарымды қолдап, қамқорлық танытып, ерекше көңіл бөліп келесіздер», - деді батырдың жары Гүлжамал Тәжиева.

Митингке қатысушылар Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан басқа да полиция қызметкерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Бұдан бөлек Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған құқық қорғау органдары арасында волейболдан чемпионат, оның қаза тапқан жерінде орнатылған қайта қалпына келтірілген ескерткіш тақтаның ашылуы, велошеру секілді бірқатар шаралар ұйымдастырылды.


Соңғы жаңалықтар