Тараздағы оқиғадан соң Алматы билігі мектептердегі әжетхана мәселесін қолға алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық Білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Қожабергенова брифинг барысында қала мектептеріндегі әжетхана мәселесін тілге тиек етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Таразда өкінішті жағдай болды. Алматы қаласында 3 мектептің әжетханалары сыртта орналасқан. Қалаға Наурызбай, Алатау аудандарының территориялары қосылғанда көптеген мектептерде осындай ахуал болды. Қазір жағдайды түзедік, көптеген мектептің санитарлық торабын ғимараттың ішіне кіргіздік. Тоспа су кететін шұңқырлар қазылды. Қазір Рахат Мәдениет ауылында орналасқан бір мектепте бұл әлі өз шешімін тапқан жоқ. 5 жыл бойы жаңа мектеп салу мәселесін көтеріп келеміз. Ол кезде мектептің сырттағы әжетханасының өзі сын көтермейтін жағдайда болатын. Келесі жылы Алматыда 8 жаңа мектеп салынатын болса, оның бірі осы ауданда бой көтереді. Екінші мектеп Шапағат шағын ауданында орналасқан. Бұл мектеп те 1958 жылы салынған болатын. Санитарлық торапты ішке енгізу үшін қажетті инфрақұрылым болмады. «Томирис» шағын ауданындағы №156 мектепке де осындай өзгерістер керек», - деді Гүлнар Қожабергенова.

Оның айтуынша, мектептердегі әжетхана мәселесі 1-1,5 жылда өз шешімін табатын болады.

Айта кету керек, Таразда 12 жастағы оқушы қызды 38 жастағы еркек мектептің сырттағы әжетханасында зорлағаны туралы жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар