Тараздағы NIS оқушысы әлемнің үздік инновациялық жоғары оқу орнына шақырту алды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Дайана Бестерековаға әлемнің үздік инновациялық жоғары оқу орнының бірі Минерва университетінен (Minerva Schools at KGI) шақырту келді , - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, жыл сайын аталған университетке түсу мүмкіндігіне құжат тапсырған талапкерлердің 1-2 пайызы ғана ие бола алады. Солардың бірі – Дайана. Енді зияткердің 4 жыл ішінде 7 мемлекетте білім алып, саяхаттауға мүмкіндігі бар.

Атап айтқанда, тараздық талапкер бірінші курсты Сан-Францискода оқыса, екінші курстан бастап Сеул, Гидробад, Буэнос-Айрес, Берлин, Лондон және Тайпейде оқитын болады. Оқу ордасының басты ерекшелігі осында. Студенттер ел аралап жүріп, білім мен тәжірибе жинақтайды.

«Минерва университеті әлемдегі ең төмен түсу пайызымен танымал. Шақыру қағазы келгенде, қатты таңқалдым. Бала күнімнен әлемді аралап, түрлі мәдениет пен салт-дәстүрдің куәсі болуды армандайтынмын. Сондықтан Минерва мен үшін сапалы біліммен қатар, баға жетпес тәжірибе алуға мүмкіндік беретініне сенімім мол», – дейді Д.Бестерекова.
Дайана мектеп қабырғасында оқып жүріп, ерікті ретінде шараларға белсене араласа бастаған. Ол Санкт-Петербург қаласында өткен «Ұрпақтар диалогы», USAID ұйымдастырған халықаралық форумдарының белсенді қатысушысы. Бос уақытында оқушыларды олимпиадаға дайындап, хореграфиямен де айналысып үлгереді. Сурет салып, қолөнер бұйымдарын жасағанды ұнатады.
Сонымен қатар, зияткер америкалық FLEX бағдарламасының түлегі. Бағдарлама аясында 100 еріктілік сағатын орындап, сертификатқа ие болған. Америкалық мектеп атынан жеңіл атлетика жарыстарына да бірнеше рет қатысқан.
Болашағын қоғамдық ғылымдар мен бизнеске арнағысы келетін Дайананың арманы биік. Шетелден оралған соң, елдегі әлеуметтік бизнес саласын дамытуды көздейді.


Соңғы жаңалықтар