Тараздағы мешітке жайғасқан 100-ден астам Арыс тұрғынына бар жағдай жасалған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Арыстағы апаттан зардап шеккендердің біразы Тарақ қаласына келіп, облыстық мешітке жайғасты. Оларға жергілікті билік тарапынан барлық жағдайлар жасалуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, Таразға келген арыстықтардың саны - 108. Оның 69-ы ересек адамдар, қалғаны балалар. Барлығы - 21 отбасы. Орталық мешітке жайғасқан оларға жергілікті билік, қала тұрғындарының атсалысуымен барлық қолайлы жағдай жасап отыр. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз хатшысы Нұрадин Рақай Facebook әлеуметтік желі парақшасында мәлімдеді.

Облыстық мешітке тұрақтаған зардап шегушілермен Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов жүздесіп, хал-жағдайларын білді. Өңір басшысы жарылыстан дүрліккен жүртты сабырға шақырып, бұл барша қазақстандықтар үшін ауыр жағдай болғанын жеткізді.

Облыс әкімінің тапсырмасымен мешітке тұрақтаған арыстықтарға қолайлы болуы үшін өз алдына жатақхана, монша ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, ыстық тамақ, өзге де тұрмысқа қажеттіліктердің бәрі қарастырылған. Өңір басшысы Арыстағы балаларды Жамбыл облысындағы жазғы лагерьлерде демалдыру үшін де қажетті шаралар қабылданатынын айтты. Оларға мұнда Арыстағы жағдай бір жақты болғанша қалағандарынша тұрақтауларына болады. Қажетті ас-су, медициналық көмек бәрі-бәрі тегін көрсетіледі.

«Сондай-ақ, кеше түнде оңтүстік өңірді бетке алған жолаушылар пойыздары оқыс оқиғаға байланысты Тараз қаласының теміржол бекетінде уақытша тоқтап қалған болатын. Дегенмен, Жамбыл облысының басшылығы 55 орынды «Setra» маркалы 10 автобус, 18 орынды 10 шағын автобусты дайындап, діттеген мекеніне жетуге асыққан азаматтар үшін бар жағдай жасалды»,-деді Нұрадин Рақай.

Соңғы жаңалықтар