Тараздағы көпқабатты үйдегі жарылыстың нақты себебі анықталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараздағы көпқабатты тұрғын үйдегі қопарылысқа газ себепші болған. Кешенді-комиссиялық және өрт-техникалық сараптамаларының қорытындысы осыны көрсетті. деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, осы апат кезінде зардап шеккен тұрғындардың пәтерлері қайта жөнделіп, 15 қазанға дейін иелеріне тапсырылады. Апаттың себеп-салдарын анықтау үшін өңірде арнайы комиссия құрылды. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша жарылыс жабық кеңістікте газ ауа қоспасының пайда болуынан болғанын көрсетті.

«Төтенше жағдайлар себептерін анықтау үшін облыстық комиссия құрылып, үш отырыс өткізілді. Кешендік экспертизаның материалдары бойынша жарылыстың басты себебі табиғи газдың ақауынан болып отыр», - дейді облыстық ТЖД басшысының орынбасары Талғат Сабыров.

Зерттеу жүргізген мекеменің қорытындысына сәйкес, 62 пәтер қайта қалпына келтіруге жарамды деп танылған. Қалалық тұрғын үй инспекциясы құжаттарды дайындап жатыр. Жоба бойынша пәтерлер еш өзгеріссіз, шаршы алаңына сәйкес қайта жөнделеді.

«45 күннің ішінде қорытынды беріледі. Мемлекеттік сараптамадан өтеді, содан кейін жұмыс басталатын болады. 15 қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жарылыс кезінде есік-терезелері сынған көрші кіреберістегі пәтерлер мен қарама қарсы 59 тұрғын үйдегі кіреберістер 2,5 млн теңгеге жөнделді», - қалалық Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев.

Зардап шеккен 21 отбасы Бәйтерек шағын ауданындағы 26 көпқабатты тұрғын үйге уақытша орналастырылды. Олардың коммуналдық төлемдерін жергілікті билік өз мойнына алған.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 27 ақпан күні Тараздың 9-шағын ауданындағы көпқабатты үйде жойқын жарылыс болып, 4 адам көз жұмды. Елбасының тапсырмасымен төтенше жағдайды тергеуге қатысты үкіметтік комиссия құрылған болатын.

Соңғы жаңалықтар