Тараздағы ескі мектептер қайта жаңартылып жатыр

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласындағы іргетасы 1952 жылы қаланған №4 орта мектептің жаңа ғимаратының құрылысы қызу жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығындағы құрылысы жүріп жатқан білім беру нысандарын аралаған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев алдымен аталған мектептің жай-күйімен танысты.

Салынғанына 70 жылға жуық уақыт болған ескірген оқу ордасының жаңа ғимаратының құрылысы белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асуда. Мердігер компания – «Бірлік Сервис и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ағымдағы жылдың мамыр айының соңында құрылысы басталған нысан келесі жылдың наурыз айында пайдалануға беріледі деп көзделуде. Мектеп 180 оқушыға арналған. Жаңа жоба бойынша ескі ғимаратта болмаған акт залы, спорт залы, асхана, шеберханалар қамтылмақ.

Сондай-ақ, №2 орта мектептің орнына да жаңа оқу ордасы салынбақ. 318 оқушыға арналған білім нысанының ескі ғимараты сүрілді. Мердігер компания «Талас Құрылыс» ЖШС нысанда келесі жылдың басында тапсыруды жоспарлап отыр. Жаңа ғимаратта асхана мен мәжіліс залы бар.

Ал, №16 орта мектеп үш ғимараттан тұрады. Бір ғимарат бұзылып, орнына жаңа ғимарат салынады десек, екінші ғимарат жөндеуді қажет етуде. Құрылыс жобасына сараптама қорытындысы бірер күнде әзірленбек. Ол дайын болысымен құрылысшылар бірден жұмысқа кіріседі деп күтілуде. Үшінші ғимарат әзірге жарамды.

Мердігер компания өкілдерімен әңгіме барысында Бердібек Сапарбаев бекітілген құрылыс мерзімдерінің сақталу керектігін атап өтті. Мектеп алаңдарын абаттандыру да маңызды міндеттерінің бірі.

- Ең бастысы – біз балаларға жайлы және қауіпсіз жағдай жасауымыз керек. Оқушылар жаңа жабдықталған кабинеттерді көріп, марқайып қалуы тиіс. Облыста апатты жағдайдағы, үш ауысымды және орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі кезең-кезеңмен шешілуде. Сонымен қатар, бұл ретте материалдық базаға ғана емес, мұғалімдердің сабақ өту тәсілі мен сапалы білім беру жайына да айрықша назар аудару керек, - деді Бердібек Сапарбаев.


Соңғы жаңалықтар