USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

Таразда жыр алыбы Жамбылға арналған республикалық айтыс мәресіне жетті

2021 жылғы 26 ақпан 23:25
Бөлісіңіз:
Таразда жыр алыбы Жамбылға арналған республикалық айтыс мәресіне жетті

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласындағы «Баласағұн» концерт залында өткен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық айтыс мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар
Түркістан облысында республикалық ақындар айтысы өтті Жамбыл Жабаев - 175 жыл: Мерейтой аясында 500-ден астам шара өтті

Еліміздің әр өңірінен келген жиырма ақынның ішінде жамбылдық Айтмұханбет Исақов пен қостанайлық Айбек Қалиев ақындардың алғашқы жұбын құраса, сөз өнерінің алғашқы айналымын Байзақ ауданының тумасы Алтынкүл Қасымбекова мен алматылық Шұғайып Сезімхан түйіндеді.

Ғасыр жасаған Жамбыл бабамыз бен еліміздің ақпан айында туған бірқатар тұлғаларын, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын жырына арқау еткен ақындар жақсы айтыс жасай білді.

Көптен бері айтыс көрмей аңқасы кепкен көрерменнің мейірі жырға қанды.

Осылайша 10 жұп ақынның ішінде 3 жұп ақтық айналымға өтті.

Ақтық айқаста жұрт жамбылдық Шапағат Сәбитқызы мен Шұғайып Сезімханның, түбі түркістандық Еркебұлан Қайназар мен жерлесіміз Қанат Мырзаханның, қызылордалық Нұрмат Мансұр мен Шығыс Қазақстан облысынан келген Рүстем Қайыртайұлының тартысты өнерін тамашалады.

Жыр додасы қас қарайғанша созылып, Халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған қазылар шешімімен бас жүлде Жамбыл облысының тумасы Қанат Мырзаханның қанжығасына байланды.

Топтан оза шапқан оғланға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 2 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Ал бірінші орынға лайық деп танылған Рүстем Қайыртай мен Еркебұлан Қайназаровқа 750 мың теңгеден берілді.

Әрқайсы 500 мың теңгенің сертификатына ие болған Шапағат Сәбитқызы мен Нұрмат Мансұр екінші орынға табан тіреді.

Павлодар облысының тумасы Аспанбек Шұғатаев, Петропавлдан келген Жарқын Жұпархан, Шұғайып Сезімхан үшінші орынды місе тұтып, оларға 300 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді.

Сондай-ақ, 3 ақынға ынталандыру сыйлығы берілсе, қалған қатысушылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, ақшалай сыйлыққа ие болды.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Сая Сембай

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT