Таразда жылу желілерінің 70 пайызға жуығы тозған

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараздағы «Таразтрансэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына тиесілі жылу желілерінің 69,2 пайызы тозған. Оның 53,9 пайызы магистарльдық болса, 71,1 пайызы ішкі кварталдық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы, «Таразтрансэнерго» 208 шақырым жылу желілеріне қызмет көрсетеді. Оның ішінде 49 шақырымы магистральдық және 158 шақырымы ішкі кварталдық.
«Кәсіпорын жылу желілерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында М-1, М-3 магистральдық 8 шақырым жылу желісін қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірледі. Сараптаманың қорытындысы биыл мамыр айында шығады және әрі қарай республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім ұсынылатын болады.
Биыл сонымен қатар, қалалық бюджет есебінен жалпы 25 шақырым ішкі кварталдық жылу желілерін қайта жөндеу бойынша 9 нысанның жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Жобалар 2024 жылы іске асырылатын болады»,– дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев.

Бұдан бұрын біз Жамбыл облысында 2,7 мың үй жарықсыз отырғанын жазған болатынбыз. Шу ауданында жел салдарынан 22 электр бағанасы құлап, 7 мектеп, бірнеше мейрамхана мен дүкеннің ғимараттарына зақым келген еді.

Соңғы жаңалықтар