Таразда жол ережесін өрескел бұзған үйлену той кортежі жазаланды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылдық полицейлер той кортежі автокөліктерінің жүргізушілеріне 15 әкімшілік хаттама толтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жақында әлеуметтік желілерде Тараз қаласының көшелерімен өтіп бара жатқан үйлену тойы кортежінің құрамындағы көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны туралы бейнежазба жарияланған болатын.

Бейнежазбаны зерделеу барысында полиция қызметкерлері Тараз қаласының Жамбыл даңғылында жол ережесін бұзу дерегі орын алғанын анықтады.

Осыған қатысты Жамбыл облысының полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының қызметкерлері 5 жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Тұтастай алғанда, әкімшілік құқық бұзу туралы 15 хаттама толтырылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтсақ, «Rolls-Royce Phantom» автокөлігінің жүргізушісіне қатысты Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшін және міндетті техникалық байқаудан өтпеген көлік құралын басқарғаны үшін хаттама толтырылды.

Ал «ВАЗ-2114» автомобилінің жүргізушісі ҚР ӘҚБтК 595-бабы 1-бөлігі бойынша және 590-бабы 9-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

« Сол секілді «LADA PRIORA» маркалы көлік құралының жүргізушісіне қатысты жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 3 хаттама жасалды» делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар