Таразда жаңа «Медиа орталық» ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласы әкімдігінің «Медиа орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылды,- депхабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталықта әлеуметтік желідегі ресми парақшаларға қала тұрғындарынан келіп түскен сұрақтарға жауаптар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, ондағы мамандар Тараз қаласы жайлы медиа ресурстардағы ақпараттың мазмұнын сараптаумен айналысады.

Тек бұл ғана емес, мұнда республикалық БАҚ пен интернет ресурстарда әкімдік жайлы шыққан ақпараттарға тұрақты мониторинг жүргізумен қатар, олардың қорытындысы бойынша тиімді ұсыныстар дайындалады. Бұған қоса, әкімдік имиджін көтеруге бағытталған бейнероликтер мен инфографикалар, баннерлер әзірленеді.

Медиа орталықтың ашылуына Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев, зиялы қауым, БАҚ өкілдері және SMM мамандары қатысты.

«Қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың тікелей тапсырмасымен осы орталық өз жұмысын бастап отыр. Орталықтың міндеті халықпен кері байланыс орнатып, қала тұрғындарының кез-келген сұрағына жауып беру және соның шешімін табу», — дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев.

Бұдан кейін орталықтың лентасын Қазақстан журналистер одағының мүшесі, ақын Ғани Әлімқызы мен ардагер журналист Амангелді Нұрпейісов қиып, сәттілік тіледі. Қонақтарға мекеме жұмысы таныстырылды.

Медиа орталықтың ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталған. Мұнда қонақ қабылдайтын, арнайы тікелей эфирге шығатын студия мен монтаж, ақпарат жасалатын арнайы бөлмелер бар. Барлығы қажетті құралдармен жабдықталған.

Медиа орталықта 13 қызметкер жұмыс істейді. Олардың ішінде журналистер, smm және бейнеқұрастырушы мамандар бар.


Соңғы жаңалықтар