Таразда ұзындығы 850 метрлік «Үшбұлақ» жағалауы пайдалануға берілді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Тараз қаласында таңғажайып демалыс орны – «Үшбұлақ» жағалауы пайдалануға берілді. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Таразға тарту» жобасы аясында салынған нысан құрылысы «Қазфосфат» ЖШС-інің демеушілігімен жүзеге асқан. Ол үшін серіктестік 300 млн. теңге қаржы жұмсаған.

Қайта жаңғыртудан соң тамаша кейіпке енген жағалаудың ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады.

- Облыс орталығы саналатын Тараз қаласы көптеген қонақтар мен туристердің тұрақтайтын орны. Сондықтан шаһардың шырайын арттыру, жайлы орта қалыптастыру – біздің мерейлі міндетіміз.

«Таразға тарту» жобасы аясында жыл басынан бері қаншама аллеялар, саябақтар жөнделіп, салынып, пайдалануға берілді. Көпқабатты үйлердің қасбеттері сырланды.

Көркем гимнастика және үстел теннисі спорт кешені, Анаға тағзым орталығы, Ана мен бала сквері және тағы да басқа нысандар бой көтерді. Бұлардың барлығы демеушілердің қолдауымен іске асты.

Бүгінгі «Үшбұлақ» жағалауын да өңіріміздегі ірі кәсіпорын «Қазфосфат» ЖШС-і салып беріп отыр. Бұл жағалау тараздықтар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналарына сенімдімін,-деген аймақ басшысы аталған компания басшылығы мен жұмысшыларына тұрғындар атынан алғыс айтып, Алғыс хат табыстады.

- Тараз – тек Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі ең көне қалалардың бірі. Тарихы терең қаланың ажарын арттыру жолындағы біздің жұмысымыз өз нәтижесін берді деп ойлаймын. Осыған өз үлесімізді қосқанымыз біз үшін үлкен мәртебе. Шаһарымыз көркейіп, дами берсін,-деді ЖШС бас директоры Нұрхан Нұрланұлы.

Бұдан соң қонақтар облыс әкімімен бірге жаңа нысанды аралап, танысты.

Айта кетейік, жағалау Д.Қонаев көшесінен Зербұлақ көліне дейін жалғасады. Ұзындығы – 850 метр.

Жағалау жаяу жүргіншілер жолынан басталады. Су ортасында диаметрі 19 метр болатын «Жасанды арал» (пирс) салынған. Аралда қазақы жылнамадағы жыл басы болуға таласқан жануарлардың мүсіндері орналасқан. Жасанды арал көпір арқылы жаяу жүргіншілер жолына қосылған.

Жағалаудың сол жақ қанаты мәрмәр түйіршіктерінен жасалған ою-өрнектермен безендірілген. Ұзындығы 60 метр болатын аспалы көпір де күрделі жөндеуден өтіп, түнгі жарықтандырумен қамтылған.

Сондай-ақ, мұнда заманауи «Street workout» спорт алаңшасы мен әткеншек орналасқан. Ұзындығы 450 метрді құрайтын веложол да бар. «Үшбұлақ» жағалауы бойында 3 пандус, 40 орындық пен қоқыс жәшіктері қойылған. Жаяу жүргіншілер жолына 4 мың шаршы метр өрнектас төселген.

Жағалауға келушілерге барлық жағдай жасалған. Күн батқанда қосылып, таң атқанда өшетін жарықтандыру бағандары мен 1000 шаршы метрлік көлік тұрағы салынған.

Жағалау кеңейтіліп, түбі тегістеліп, балдыр басып кетпес үшін қиыршық тас төселген. Алдағы уақытта жағалау суына балық жіберу жоспарлануда.

- Жыл өткен сайын сүйікті қаламыз жаңарып, көркейіп келеді. Биылдың өзінде көптеген демалыс орындары пайдалануға берілді. Бүгінгі жағалау да біз үшін мереке қарсаңындағы тамаша тарту болып отыр. Мемлекет, облыс басшылығына, осыған атсалысқан кәсіпорынға үлкен алғысымызды айтамыз,-дейді қала тұрғыны, зейнеткер Қадіркүл Әлімқұлова.


Соңғы жаңалықтар