Таразда үш спорттық-сауықтыру кешені салынып жатыр

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын кезекті рет аралау барысында спорт нысандары құрылысының барысымен танысты,- деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін спорт саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте аймақ басшысы спорт нысандарының санын арттыру керектігін айтқан болатын. Облыс әкімі тұрғындарды саламатты өмір салтына тарту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Бүгінгі таңда облыс орталығында 552 спорт нысаны, оның ішінде спорт алаңдары бар. Ағымдағы жылы Таразда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында үш спорттық-сауықтыру кешені салынуда. Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталған десек, нысандар жоспар бойынша қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.


Үш кешеннің біреуі облыстық мамандандырылған №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, екіншісі №2 спорт мектебінің, үшіншісі «Жекпе-жек» жекпе-жек спорт клубының базасында бой көтеруде.

Бердібек Сапарбаев құрылыс нысандарын аралап, мердігерлерді әңгімеге тартып, құрылыстың барысына қанықты.

Құрылысшылар жұмыс кесте бойынша жүріп жатқандығын айтты. Нысанда балаларға барлық жағдай жасалуда. Нақтырақ айтқанда мұнда кең залдар, шешінетін бөлмелер мен душ бөлмелері салынады.


Бір спорт кешені 400-ге жуық адамды қабылдай алады. Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков жаңа нысандарда балалар футбол, волейбол, баскетбол, гандбол, жекпе-жек түрлерімен, каратэ және таеквондомен айналыса алатынын жеткізді.

«Спорттық ғимараттар ашық, кең және жылы болуы керек. Мұнда балалар өздерін жайлы сезінуі тиіс. Нысандардың қаланың әр аумағында салынып жатқандығы қуантады. Барлық балалар өздерінің сүйікті спорт түрлерімен ыңғайлы жағдайда шұғылдана алады. Тағы 10 спорт кешені облыс аудандарында салынып жатыр. Бұған дейін атап өткенімдей, спорт бұқаралық әрі қолжетімді болуы тиіс. Сонымен қатар, спорттық және мәдени нысандардың көптеп ашылуы өскелең ұрпақты бала кезден тәртіпке баулуға және жақсы дәстүрге тәрбиелеуге мүмкіндік береді», - дейді Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысы келесі кезекте «Ұлан» стадионы, облыстық мамандандырылған №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне, Денсаулық паркіне де ат басын бұрып, жөндеу, құрылыс жұмыстарын барлады.


Соңғы жаңалықтар