Таразда түрмедегі туысына ақша алып өтпек болған әйел ұсталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараздағы түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталушыға ақша алып өтпек болған азаматша ұсталды. Қатаң режимдегі 158/7 мекемесіндегі туысына келген шымкенттік тұрғынның заңға қайшы әрекеті сақшылардың тексеруі кезінде белгілі болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

158/7 түзету мекемесіндегі жазасын өтеушіге келген азаматша 5 мың теңгені өзінің шұлығына тығып, ішке алып кірмек болған. Оны тексеру тобының қызметкерлері анықтаған. Енді 43 жастағы тұрғын бұл әрекеті үшін заң алдында жауап береді.

«Қазіргі таңда оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодпексінің 481-бабы бойынша хаттама толтырылып, іс-құжаттары сотқа жіберілді. ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 98-бабы бойынша аталған азаматшаның 1 жылға дейін сотталғандармен кездесуіне тыйым салынады. Сондай-ақ,сотқа байланысты ескерту немесе айыппұл түріндегі жаза қолданылады», - дейді 158/7 түзету мекемесі басшысының міндетін атқарушы Мейірғали Рақышев.

Айта кетейік, жыл басынан бері Жамбыл облысындағы қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелерде осыған ұқсас 4 оқиға тіркелген. Жазасын өтеушілердің туыстарынан тәркіленген тыйым салынған дүниелердің дені - ұялы телефондар мен ірі көлемдегі сим-карталар, сондай-ақ, ақша және есірткі заттары.

Соңғы жаңалықтар