Таразда түрме қоршауынан есірткі асырып лақтырған әйел ұсталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда ЖД-158/7 түзеу мекемесінің қоршауынан есірткі лақтырған әйел ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

21 қазанда қаладағы Төтенше қауіпсіздік режіміндегі түзеу мекемесінің Барболов көшесі жағын торуылдап жүрген әйел адам негізгі қоршауды асырып тас лақтырғандай болады. Күдік тудырған қимылды зерделеу барысында жедел-режім тобы ішкі күзет аумағынан түрі тасқа ұқсас затты табады. Тексере келе оның тас еместігі, сұрғылт-қоңыр түстес жерге ұқсас ермексаздан жасалғандығы анықталып, ішінен 2,48 грам қою жасыл кептірілген ерекше иісті өсімдік табылды.

«Бұл факті бойынша 44 жасар тараздық азаматшаны тінту кезінде оң қалтасынан газетке оралған 3,82 грамм мөлшерінде осы тектес зат табылды. Сот-химиялық талдама барысында оның «кептірілген марихуана» екендігі дәлелденді. Мұнымен қоймай, күдікті азаматшадан 7,384 грам «трамадол», 0,634гр «сомнол» және 2 құты «тропикамид» атты есірткі тектес дәрілік заттары алынды», дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.

Күдіктіден табылған дәрігердің қатаң рецептімен ғана берілетін дәрі-дәрмекке оның оңай қол жеткізгендігі сұрақ туындатып, қазіргі таңда осыған байланысты талдап-тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар