Таразда тұрғын үйдің шатыры өртеніп, 50 адам эвакуацияланды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласында көпқабатты тұрғын үйдің шатыры өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға туралы Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Тараз қаласы Арай-2 ауданында орналасқан көпқабатты үйдің шатырында өрт шыққан. 15:06 шамасында шұғыл қызмет телефонына пәтердің біріндегі балконның жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Жедел басқару орталығының диспетчері өртке қарсы қызмет гарнизонының шығу кестесіне сәйкес оқиға орнына дереу күш-құралдарды жөнелтті» делінген ведомство хабарламасында.

Тілсіз жауды ауыздықтауға жеке құрамнан 10 техника және өрт сөндіру қызметі бөлімшелерінен 42 адам жұмылдырылған.

Сондай-ақ өрт оқиғасы орын алған аумақта жедел-құтқару қызметінен 4 қызметкер мен бір техника, медициналық апаттар орталығы филиалынан 3 адам және 1 техника жұмыс істеді.

Оқиға орнынан 50 адам қауіпсіз орынға көшірілді. Оның ішінде 15-і - балалар.

Өрт сөндірушілердің шапшаң әрі ұйымдаса атқарған әрекетінің арқасында өрт небәрі 29 минутта жойылды. Қызы жалын 60 шаршы метр аумақты шарпыды.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.


Соңғы жаңалықтар