Таразда тұрғын үйдің өртенуінің себептері анықталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда шатыры өртенген көпқабатты тұрғын үйдегі оқыс оқиғаның салдары жойылуда, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, бұған дейін ағымдағы жылдың 16 қазанында Тараз қаласындағы №2 шағын ауданындағы 17-үйдің шатыры өртенгендігі туралы хабарлаған болатынбыз. Төтенше жағдай мамандары оқиға орнына жедел жетіп, 80-ге жуық адамды сыртқа шығарып үлгерген. Оның 20-сы бала. Қаза болғандар мен жарақат алғандар жоқ. 900 шаршы метрдей аумақты шарпыған өрт салдарынан тұрғын үй электр энергиясы мен газбен жабдықтаудан ажыратылған.

Бүгінде оқиға себептерін тексеру бойынша жедел полиция тобы құрылып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Алдын ала болжамдар бойынша, шатырдан электр желілерін абайсыз пайдаланудың салдарынан өрт шыққан.

«Қазіргі уақытта үй жылу жүйесіне қосылып үлгерді. Енді газбен қамтамасыз ету жүріп жатыр. Сондай-ақ, өрттің зардаптары жойылып, қалыпқа келтіру шаралары қолға алынуда. Қалалық мәслихаттың сессиясында үйдің шатыры мен өрттен болған басқа да шығындарға заң аясында тиісті қаражат қарастырылады»,- дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов.

Айта кетейік, тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп, жақын маңдағы қаладағы зағип және нашар көретін арнайы балалаларға арналған» «Болашақ» мектеп-интернатына уақытша жайғастырылып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Бірқатары, туыстарының үйіне жайғасқан.

Соңғы жаңалықтар