Таразда төрт пәтерді тонаған күдікті камера көмегімен ұсталды
Жамбыл облысы полиция департаменті мәліметінше, 6-13 қараша аралығында Тараз қаласындағы шағын ауданының тұрғындары полицияға пәтері тоналғандығы туралы арызданған. Белгісіз біреулер пәтер иесінің жоқтығын пайдаланып, кіреберіс есікке кілт сәйкестендіріп ашыпғ теледидар мен алтын бұйымдарды алып кеткен.
«Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Жедел-іздестіру шарасын жүргізу кезінде полиция аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен Тараз қаласының 25 жастағы тұрғынын ұстады. Күдіктіден ұрланған теледидарлар, алтын бұйымдар мен құлыптың кілттері тәркіленді», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, күдікті пәтер кіреберісіне қойылған бейнекамераға түсіп қалған. Бүгінде өз кінәсін толық мойындаған күдікті Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.