Таразда тестілеуден кейін «Сергек» камералары іске қосылды

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының полиция департаменті 16 қаңтардан бастап облыс орталығында «Сергек» жол қауіпсіздігі жүйесін іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

48 аппараттық-бағдарламалық кешен (35 - желілік учаскеде және 13 - қиылыстарда) қаланың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Жүйе жылдамдық режимінен асып кету, бағдаршамның тыйым салу сигналына өту, жол белгілерiн сақтамау (аялдама сызығына соғылу, қиылыстың алдында дұрыс орын ауыстырмау, тыйым салынған жерде тоқтау) сияқты жол ережесін бұзу фактілерін тіркейді.

Тіркеу автоматты режимде жүргізіледі және полиция қызметкері тексергеннен кейін құқық бұзушыға жіберіледі.

Тіркелген бүкіл фактілер Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің бірыңғай тізіліміне автоматты түрде тіркеледі.

Хаттаманы электронды цифрлық қолтаңбаның көмегімен erap-public.kgp.kz және egov.kz сайттарынан, сондай-ақ Каспи банкінің мобильді қосымшасындағы мемлекеттік қызметтер бөлімінен жүктеуге болады.

Аппараттық-бағдарламалық кешенде тіркелген жол ережесін бұзу фактісімен келіспеген жағдайда Жамбыл облысының полиция департаментіне хабарласуға болады.


Соңғы жаңалықтар