Таразда тегін білім беретін жекеменшік гимназия ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік күні жамбылдықтар үшін қос қуанышқа айналды. Өйткені, бұл күні өңірде бірқатар жаңа әлеуметтік нысандар есігін айқара ашты,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығында «Arai Elite» жеке гимназиясының ресми ашылуы өтті. Оқушылар мұнда тегін білім алады. Мектеп «Абылай-сана 2003» ЖШС жеке қаражаты есебінен салынған.

«Елбасы әрдайым жастарды білімге ұмтылуға, мақсатқа жетуге және табысты болуға шақырады. Ел болашағы – білімді жас ұрпақтың қолында. Облысымызда заманауи мектептер саны жыл сайын артып келеді. Біздің міндетіміз – сапалы білім беру, балалардың жан-жақты, шығармашылық тұрғыда дамуына барынша қолайлы жағдай жасау», - деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ол аталған компания басшысы Арман Еділбаевқа көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтып, бұл әлеуметтік жауапкершілік бизнестің өз жерлестеріне жақсы жағдай жасауының жарқын мысалы екенін атап өтті.

Серіктестіктің қолдауының арқасында жақын маңда орналасқан «ARAI» медицина орталығын қалпына келтіру жұмысы да аяқталуға жақын, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Анаға тағзым» орталығы бой көтеріп жатыр.

Арман Еділбаев мектеп директоры Жанна Мәдімароваға жаңа оқу ордасының символикалық кілтін салтанатты түрде табыстап, педагогикалық ұжымға табыс тіледі.

Бүгінгі таңда 1025 оқушыға арналған гимназияда 367 бала білім алып жатыр. Өңір басшысы техниканың соңғы үлгілері бойынша жабдықталған кабинеттерді аралап, танысты.

Мектеп спортзал, мәжіліс залы, асхана, кітапханамен қамтылған. Сондай-ақ, тынығуға арналған арнайы аумақ та назардан тыс қалмаған.

Ата-аналар мен оқушылар жаңа оқу орнынына деген ризашылықтарын жеткізді. Ғимараттың қабырғалары мотивациялық және танымдық картиналармен безендірілген.

Кабинеттер жарық әрі кең. Әр қабатта ұлдар мен қыздарға арналған дәретханалар бар.

«Оқушылар ағылшын тілі мен математиканы тереңдетіп оқиды. Кабинеттер заманауи технологиялармен, интерактивті тақтамен жабдықталған», - дейді мектеп директоры Жанна Мәдімарова.


Соңғы жаңалықтар