Таразда тағы бір көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісі карантинге жабылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласында «Алатау» 8-ші ықшамаудандағы көп қабатты тұрғын үйдің кіреберісі карантинге жабылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат Тараз қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.

Бұған дейін осы тұрғын үй подъезінің тұрғыны – 50 жастағы әйелдің коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталған болатын. Індетке қалай шалдыққаны әзірге белгісіз. Сол себепті онда тұратын 34 адамды бірнеше күнге оқшаулау туралы шешім қабылданды. Олардың үйден шығуына еш рұқсат жоқ.

Карантиндегі тұрғын үй тұрғындарын қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуді қалалық әкімдік мойнына алып отыр. Зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілген подъездің алдында полиция қызметкерлері кезекшілік етуде.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қаладағы «Қарасу», «Аса» шағын аудандарындағы екі кіреберіс пен Қордай ауданындағы Әлжан Ана ауылы карантинге жабылған еді.

Тұрғындарға азық-түлік жеткізу жұмыстарына еріктілер де көмектесіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар