Таразда сыртқы жарнама ретке келтіріліп жатыр

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Қала әкімдігі ұйымдастырған арнайы комиссия рейд жүргізу барысында Тараздың  инфрақұрылымдық жағдайын тексеріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүгінде облыс орталығының сыртқы көрінісі қала билігінің басты назарында. Соның ішінде, қаланың сыртқы келбетіне нұқсан келтіріп тұрған сыртқы жарнамалардың ахуалы да қаралып жатыр. Қала әкімдігінің жанынан құрылған арнайы комиссия үш бағыт - тіл туралы заңның сақталуы, жарнама, құрылыс нормалары мен нысандарды орналастыру бағыттары бойынша жұмыс істеп жатыр. Комиссияның құрамында ішкі саясат бөлімі, мәдениет, тілдерді дамыту, сәулет, мемлекеттік кірістер, жер қатынастары басқармалары, БАҚ өкілдері бар», - деді қала әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы Гүлбахрам Дүйсекова.

Рейд барысында анықталғандай, Тараздағы көптеген сыртқы жарнама нысандарының сыртқы көрінісі көріксіз, сауаттылығы мен бірыңғай орналастыру талаптары жоқ.

Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың айтуынша, көптеген коммерциялық нысандардың иелері жарнама саласындағы шектеулер туралы білмейді.

«Сыртқы жарнаманы орналастыруға рұқсат алудан және оның сыртқы көрінісін сәулет және қала құрылысы бөлімімен келісуден бөлек,ай сайын сыртқы жарнама үшін салық төлеу қажет. Алайда, жеке кәсіпкерлердің ешқандай рұқсат құжаттары жоқ. Көбі сауда нысандарының иесі емес, жалға алып отырғандарын айтуда. Қазір жүзден астам жарнама нысандарына демонтаж жасадық, 71-іне ескерту бердік. Мұндай тексерулер облыс орталығының барлық учаскелерінде ұдайы жүргізіліп отырады», - деді Тараз әкімі Ғалымжан Әбдірайымов.


Иллюстрациялық фото

Соңғы жаңалықтар