Таразда «Сот жүйесі ғалымдарының диалогы» I Халықаралық форумы өтті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Сот жүйесінің ғалымдары Жамбыл облысында жазаны орындау бойынша мамандандырылған сот құру туралы ұсыныс жасады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Таразда «Сот жүйесі ғалымдарының диалогы» бірінші Халықаралық форумы өтті. Оған Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Белоруссиядан келген шетелдік заңгер ғалымдар, Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Жоғарғы Сот, Судьялар одағының төрағасы Сәкен Абдолла, Сот төрелігі академиясының ректоры Зәуреш Баймолдина, Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ербол Ахметжанов, жергілікті жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.

Ауқымды шара Қазақстан Судьяларының VIII Съезінде қойылған тапсырмаларды іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов сот ғимаратын «ең алдымен, судьяларға емес, процеске қатысушы адамдарға қажет» деп атап өтті. Спикер 3 жыл ішінде 3 облыстық соттың жаңа ғимараты пайдалануға берілгенін, 2022 жылы тағы да 4 ғимарат салынатынын жеткізді.

«Жалпы алғанда, соттың миссиясы біреу – сот төрелігін заңды әрі әділ жүзеге асыру. Соттардың күнделікті қызметі мен жүргізіліп жатқан реформа азаматтардың, бизнес өкілдері мен инвесторлардың сенімін ақтауға бағытталуы тиіс», - деп түйіндеді Ж. Асанов.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өз сөзінде сот төрелігінің өзекті мәселелерін талқылау және сот жүйелерін дамыту, сот құрылымы және заң үстемдігін қамтамасыз етудегі озық тәжірибемен алмасу алаңына айналған халықаралық форум жұмысының маңыздылығына тоқталды.

«Сот жүйесі – билік тармақтарының бірі және оған әрдайым баса назар аударылады. Басты мақсат – адалдық, заңдылық, әділеттілік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, азаматтардың құқықтарын қорғау. Сіздерге құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, әлеуметтік, еңбек дауларын шешуде үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бүгінде сот жүйесіне реформа жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асуда. Сондай-ақ, жаңа ақпараттық технологиялар қарқынды түрде қолданысқа енуде, «Виртуалды сот» жобасы іске қосылды, бұл жұмыстың жеңілдеуіне, халық үшін сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігіне мүмкіндік беруде. Осындай ауқымдағы іс-шараның Таразда өтуінің өзін мәні бар. Өңірімізден шыққан тұлғалар арасында сот жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқандар аз емес», - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы жергілікті билік пен судьялар корпусы арасында тығыз қарым-қатынас орнатудың маңыздылығын атап өтті. Медиаторлардың, Билер кеңесінің жұмысына баса тоқталды.

Судьялар одағының төрағасы Сәкен Абдолла республика соттарында 91 ғалым еңбек ететінін атап өтті.

Жамбыл облыстық сотының судьясы, заң ғылымдарының кандидаты Лаззат Рамазанова өз баяндамасында Жамбыл облысында жазаларды орындау бойынша мамандандырылған сот құрудың пилоттық жобасын іске асыру жөніндегі ұсыныс енгізді.

Сондай-ақ форум аясында екі кітап жинағы таныстырылды. Оның бірінде – сот жүйесінің ғалымдары туралы ақпарат болса, екіншісінде олардың ғылыми жарияланымдары жинақталған.


Соңғы жаңалықтар