Таразда саяжайдың 4 тұрғыны қоғамдық орында есірткі пайдаланған

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласындағы 27 саяжай алқабына қылмыстың алдын алу және жолын кесу мақсатында үш күндік тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 100-ден аса әкімшілік заң бұзу фактілері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тексеруге қалалық полиция басқармасының жеке құрамынан 110 қызметкер жұмылдырылып, 40 жаяу патруль бағыты және 7 автопатруль бекеті құрылды. Олар Шөлдала, Құмшағал, Қызылабад, Көлтоған кенттерінде және Казарма разъезінде орналасқан 27 саяжай алқабын тексерді. Айта кетейік, онда 20300 адам тұрады.

«Жұмыс барысында 23 шетел азаматының көші-қон заңнамасын сақтауына қатысты тексеру жүргізілді. Олардың тарапынан заң бұзу фактілері анықталған жоқ. 350 бүктеме таратылып, 103 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Облыстық наркодиспансерге 14 азамат жеткізілді. Үнемі спирттік ішімдік ішетін бес тұрғын анықталды», -дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұқтарқұлова.

Үш күн ішінде ҚР ҚК 296-бабы 1-бөлігі бойынша алты қылмыстық іс тіркелген.

«22 ақпан күні Тараз қалалық полиция қызметкерлері Құмшағал ауылының «Водник» саяжай алабында қоғамдық орында есірткі пайдаланған 30 жастағы азаматты ұстады. Келесі күні, 23 ақпанда Шөлдала ауылының «Победа» саяжайында тағы осындай қылмыспен үш азамат қолға түсті», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Соңғы жаңалықтар