Таразда өртенген үйдің 80 тұрғыны мектеп-интернатқа орналастырылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда шатыры өртенген көпқабатты үйдің тұрғындары уақытша мектеп-интернатқа орналастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жанып жатқан үйден эвакуацияланған 80 адам, соның ішінде 20 бала «Зағип және нашар көретін балаларға арналған «Болашақ» арнайы мектеп-интернатына» жайғастырылып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қаланың 2-ші шағын ауданында орналасқан бес қабатты үйде өрт бүгін, сағат 15.30 шамасында шықты. Алғашқы өрт сөндірушілер жеткен сағат 15.34-те 100 шаршы метр аумақта үйдің шатыры жанып жатқан еді. Жалынның таралуы 16.41-де тоқтатылып, 16.56-да толығымен ауыздықталды.

«Өрттің шарпыған аумағы 840 шаршы метрді құрады. Пәтерлерге зақым келген жоқ, адам шығыны, зардап шеккендер жоқ. Жедел тексеру тобы құрылып, өрттің неден болғанын анықтауда», - дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Талғат Сабиров.

Көппәтерлі үйдің жанынан құтқарушылардың жедел штабы жасақталды.

Тұрғын үй ғимараты осыдан 40 жыл бұрын бой көтерген. Онда 80 пәтер бар.

«Тұрғындар қауіпсіз, уақытша баспанамен қамтылды. Себебі бұл үй жарықтан, газдан барлығынан өшірілген. Судың қай қабатқа дейін өтіп кеткенін білмейміз. Электр құрылғылардың қандай жағдайда екені белгісіз. Соның бәрін зерттеп болғасын шешім қабылдаймыз. Қалалық мәслихаттың сессиясында үйдің шатыры мен өрттен болған басқа да шығындарға заң аясында тиісті қаражат қарастырылады. Қалыпқа келтіру жұмыстары ертеңнен басталады», - деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов.

Тілсіз жауды сөндіруге ТЖД-нің жеке құрамынан 46 адам және 9 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды.

Соңғы жаңалықтар