Таразда Наурыз мерекесіне орай жаңа «Арбат-3» жаяу жүргіншілер алеясы ашылады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын аралап, бірқатар нысанмен танысты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы алдымен «Барысхан» массивіне әлі күнге неге ауыз су берілмей отырғанын анықтау үшін Жауғаш батыр көшесіндегі сорғы станциясына ат басын бұрды. Аталған массив тұрғындары әлеуметтік желілер арқылы шағымдарын білдірген болатын.

Өткізгіштігі сағатына 1,5 мың текше метрді құрайтын екінші көтермедегі сорғы станциясы өткен жылдың желтоқсан айында салынған, тиісті қабылдау актісі бар. Ол «Барысхан», «Сахзавод» және «Кирпичный» массивтерін ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған. Соңғы екі аудан әлі күнге төрт ұңғыманың суын пайдаланып отыр десек, ал, «Барысханда» су мүлде жоқ, бірақ құбырлар тартылған.

Белгілі болғандай, сорғы станциясын аталған массивтің ішкі желілерімен байланыстыратын 80 метрлік құбыр әу баста жобада қамтылмай қалып кеткен. Жауапты құрылымдардың мұндай салғырттығы мен әрекетсіздігін облыс әкімі қатал сынға алды.

«Неге сорғы станциясымен бірге су құбыры желісінің құрылысын қатар жүргізіп, бірге аяқтау мүмкін болмады? Егер адамдар әлі күнге сусыз отырған болса, бұл кімге керек? 80 метр құбыр тарту үшін бір-ақ апта жетеді, ал сіздердің ұқыпсыздықтарыңыздың зардабын қазір қаншама адам тартып отыр. «Жамбыл су» да тұтынушылар санын арттыруға мүдделі емес пе?» - деді Бердібек Сапарбаев.

Анықталған кемшіліктер бойынша өңір басшысы кінәлілерді жазалауды және кемшіліктерді жоюды тапсырды.

Бұдан соң Бердібек Сапарбаев құрылысы аяқталуға жақын қалған «Арбат-3» жаяу жүргіншілер аллеясын аралап көрді. Қазір бес павильонның сыртқы безендірілуі бойынша жұмыстар жүргізілуде, онда ұлттық тағамдар мейрамханалары, көркемөнер шеберханалары мен балаларға арналған залдар орналаспақ. Сондай-ақ, «Әулие-Ата» мешіті де қалпына келтірілуде. Барлық жұмыстар осы айдың 20-на дейін аяқталып, Наурыз мерекесі қарсаңында пайдалануға берілмек. Мұнда көне қала тұрғындары мен қонақтары субұрқақтың салқын лебін сезініп, ортағасырлық сән-салтанатқа куә бола алады.

«Барлығы бірдей үлгіде орындалуы тиіс. Ең бастысы – жаяу жүргіншілер аймағы адамдардың жағымды әрі сүйікті тынығу орнына айналуы үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалауы тиіс», - деп атап өтті облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар