Таразда мектеп бітіруші түлек көлікпен каналға түсіп кетті

Фото: None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласында бүгін мектеп бітірген түлек автомобильді басқара алмай каналға көлігімен бірге түсіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«25 мамыр күні Тараз қаласындағы Тәуке хан көшесінде орналасқан «Қазақ хандығы» монументі жанында «Лексус» маркалы көлік канал суына түсіп кетті. Патрульдік полиция дереу оқиға орнына барды. Анықталғандай 21 жастағы көлік жүргізушісі аталған жерге мектеп бітіріп жатқан таныс түлектермен бірге мерекелеуге келіпті. Ол көлігінен шығып кеткен кезде түлектердің бірі көліктің руліне иесінің рұқсатынсыз отырып, оны жүргізбек болған. Нәтижесінде газ бен тежегішті шатастырып алған 17 жастағы мектеп түлегі көлікпен бірге канал суына түсіп кеткен»-деп баянап берді болған оқиғаны Жамбыл облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.

Полиция департаментінің мәліметінде айтылғандай, рөлдегі жасөспірім зардап шекпеген және ол көлікте жалғыз болған.

«Медициналық тексерудің нәтижесіне сәйкес жасөспірім ішімдік ішпеген. ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі 612 бабының 2 тармағына сай аталған жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапқа тартылды. Аталған бапқа сәйкес 20 АЕК (63 600 теңге) көлемінде айыппұл салынады», - дейді ол.

Сондай-ақ, өз еркімен көлік басқарған мектеп бітіруші түлектің ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізілген.

«Автомобильге келген зардапты өтеу керек болған жағдайда, екіжақ азаматтық сот арқылы өзара шеше алады», - дейді Г. Мұхтарқұлова.


Соңғы жаңалықтар