Таразда мектеп ауласына Сағадат Нұрмағамбетовтің бюсті орнатылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласындағы №10 мектепте Қазақстанның бірінші қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің бюсті ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыр бюстінің салтанатты ашылуында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков және бір кездері Сағадат Нұрмағамбетовтың қоластында қызмет атқарған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің бірінші қолбасшысы, запастағы генерал-майор Әлихан Жарболов сөз сөйледі.

«Тәуелсіз Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасу кезеңінде әскери тәжірибесі мол, командалық жұмысты терең меңгерген Сағадат Нұрмағамбетов ең лайықты кандидат болатын. Армия генералы Қазақстан Қарулы Күштерін одан әрі нығайту үшін көп тер төкті»,- деді Әлихан Жарболов.

Сондай-ақ, генерал Жарболов жақында Тараз қаласындағы 13-мөлтекауданда жаңа көшеге Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі беріліп, аңызға айналған әскери көшбасшы құрметіне ескерткіш тақта қойылғанын еске салды.

Бүгінде Халық қаһарманы атындағы №10 мектептің оқушылары Сағадат Нұрмағамбетовтің ерлігін, өмір жолын үлгі-өнеге ьұтады. Әйгілі генералдың қазақ армиясының дамуына қосқан үлесін жоғары бағалайды. Бұл туралы мектеп басшысы Бауыржан Бектұрғанов айтып берді. Ол өзі басқаратын оқу ордасына Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрінің есімін беру және оның бюстін орнату - мектеп оқушылары үшін үлкен құрмет және жоғары жауапкершілік екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар