Таразда латын графикасына көшуге арналған республикалық апталық өтуде

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат -Таразда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қазақ тілін латын графикасына көшіру бойынша ақпараттық-насихаттық республикалық апталық өтуде. Ауқымды шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті және облыс әкімдігі бірлесіп ұйымдастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Апталық аясында алдымен, «Қазақ тілінің дамуы - ұлттың дамуы» тақырыбында брифинг ұйымдастырылды. Мұнан соң Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінде қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіруді қоғамда насихаттау шараларына арналған апталықтың салтанатты ашылуы өтті.

«Республикалық апталық барысында Тараз қаласының және бірқатар ауданның мемлекеттік қызметшілері, мұғалімдері, жастары мен оқушылары қамтылады деп жоспарлануда. Еліміздің әр өңірінен келген тіл мамандары, белгілі ғалымдар қазақ әліпбиінің мазмұны мен жаңа емле-ережелерінің мазмұнын түсіндірмек. Сондай-ақ, дәрістер оқиды», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешов.

Сондай-ақ, ашылу салтанатында сөз алған «Тіл - Қазына» ұлттық ғылми-практикалық орталығының әдістемелік басқармасы директорының кеңесшісі Оразкүл Асанғазы, орталықтың атқарушы директоры Ербол Тілешов, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекұлы, Кәдірбек Сегізбайұлы, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Ағабекова латыннегізді қазақ әліпбиіне көшудің маңыздылығын жеткізді. Жаңа әліпбидің санамызды жаңғыртудағы рөлі, оның емле-ережелерінің қыры мен сыры айтылды. Тілдік реформаның келелі мәселелері мен міндеттері жөнінде тағылымдық, танымдық және ғылыми тақырыптар қаузалды.

Айта кетейік, апталық аясында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда әдістемелік құралдар мен әдістемелік сабақтарды насихаттауға арналған кітаптар, аудио-видео сабақтар қойылған. Бес күнге жоспарланған апталық бұған дейін Тараз қаласы мен Жамбыл аудандарында өз жалауын желбіретсе, алдағы күндері облыс орталығының бірқатар тарихи-мәдени орындары мен жоғары оқу орындарында ұйымдастырылатын кездесулер мен қоғамдық дәрістер арқылы жалғасын таппақ.

null null

Соңғы жаңалықтар