Таразда қызметін өтеу кезінде жараланған полицейге пәтер берілетін болды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Асқар Мырзахметов полиция департаментіне бірнеше қызметтік пәтер бөлу туралы шешім қабылдады. Баспана бірінші кезекте міндетін атқару кезінде ауыр жараланған полицей Бекжан Тіленшиевке беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Ағымдағы жылдың 24 мамырында «Көкнәр-2019» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасын ұйымдастыру үшін өңірге келген ІІМ министрінің орынбасары Махамбет Абисатов облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевпен бірге қалалық ауруханада жатқан Бекжан Тіленшиевтің көңілін сұрап, оны әрі қарай емдеу үшін Нұр-Сұлтан қаласына жеткізу мәселесі шешіліп жатқанын хабарлады» делінген ведомство мәлімдемесінде.

Еске сала кетсек, 2016 жылдың 19 маусымында қаланың 6-шағынауданында учаскені торуылдау кезінде Тараз қалалық ішкі істер басқармасының полиция сержанты Бекжан Тіленшиев көпқабатты үйдің кіреберісіне кіріп кеткен қарулы қылмыскердің ізіне түсіп, өзі оққа ұшқан болатын. Ауыр жарақаттанған ол төсек тартып қалды. Бұған дейін ол ІІМ бастамасымен мемлекеттік квота бойынша Грекияда емделді. Одан әрі емін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ұлттық нейрохирургия орталығында» жалғастырған. Облыс полиция қызметкерлері өз әріптесіне түрлі кезеңде жалпы сомасы 19 миллион теңге көлемінде ақшалай көмек көрсеткен.

Айта кетейік, Бекжан Тіленшиев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар