Таразда көппәтерлі тұрғын үйлерге ыстық су беріле бастады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда көппәтерлі тұрғын үйлерге ыстық су беріле бастады,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кешеден бері «Таразэнергоорталығы» АҚ-на қарасты РК-4 магистралі бойынша ыстық су берілуін қамтамасыз ету қазандығы іске қосылған. Магистральдің су-құбыр жүйесі ыстық сумен толтырылуда.

Айта кету керек, биыл қалада ыстық су тарату жұмыстары жылдағы жоспардан бір ай ерте басталды. Тараз қаласы бойынша ыстық су алатын тұтынушылардың жалпы саны - 610 тұрғын үй.

«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Тараз қаласының тұтынушыларын 11 қыркүйектен бастап ыстық сумен қамтамасыз ету жұмыстары басталды. «Тонкуруш», «Сәтпаев», «Телецентр» массивтеріне және қала орталығының біршама бөлігіне ыстық су 1 қазанға қарай, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін беріледі»,-деп мәлім етті облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының жылу-энергетика бөлімінен.

Сондай-ақ, оның айтуынша қала тұтынушыларын ыстық сумен қамтамасыз ету, жылыту маусымына дейін үздіксіз жүзеге асырылмақ.


Соңғы жаңалықтар