Таразда көпбалалы және аз қамтылған отбасылар баспаналы болды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Елорда күні қарсаңында Тараз қаласында 90 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бәйтерек» шағын ауданынан бой көтерген 15 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Мердігер – «Бином» ЖШС.

Жаңа қоныс той иелерінің қатарында мемлекеттік қордан пәтер алу кезек тізіміне тіркелген көпбалалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандар және тағы басқалар бар.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев салтанатты шараға арнайы қатысып, пәтер кілттерін табыстап, құттықтады.

«Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекет саясатының басым бағытының бірі. 30 мыңнан астам жамбылдық тұрғын үй кезегінде тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ең алдымен көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандарды баспанамен қамту маңызды. Сонымен қатар, біз тұрғын үй мәселесін шешу үшін жергілікті кәсіпорындардың мүмкіндіктерін пайдаланудамыз, барынша жан-жақты жұмыстар жүргізудеміз. «Асарлатып үй салу» жобасы шеңберінде жақсы нәтижеге қол жеткізудеміз. Аталған жобамен өткен жылы ауылдастарының көмегімен 99 мұқтаж отбасы баспаналы болса, биыл 134 үйдің құрылысы басталып, біртіндеп пайдалануға берілуде. Өңірде «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдарламалары бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілуде», - деді Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысы қала тұрғындарын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауға, өз денсаулығына мұқият болуға шақырды және вакцинацияның толық курсы ғана инфекциядан сақтанудын жалғыз жолы екендігін жеткізді.

Сөз соңында Бердібек Сапарбаев жаңа қоныстой иелерін қуаныштарымен құттықтап, құт-береке, амандық тіледі.

Бұл күнді 14 жыл күткен көпбалалы ана, бірінші топтағы мүгедек Сағаткүл Кенжебекова өз қуанышымен бөлісті.

«Бүгін біз үшін өте ерекше күн. Себебі бұл күнде қаншама жыл күттік. Баспаналы болғанымызға қуаныштымын. Балаларға да жаңа аудан қатты ұнады. Осындай қолдау үшін мемлекетке алғысымыз шексіз»,- дейді ол.


Соңғы жаңалықтар