Таразда қонақ үй 500 орындық жатақханаға айналды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында «Бес әлеуметтік бастама» аясында студенттердің жатақхана мәселесі шешіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Бес əлеуметтік бастама» аясында Жамбыл облысында әр сала бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Оның ішінде, баспанамен қамту, студенттерді жатақханамен қамту, елді мекендерді газдандыру және ауыл шаруашылығындағы түйіні тарқамаған мәселелер өз шешімін тауып келеді. Осы орайда «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен бес әлеуметтік бастаманың орындалуы бойынша облыстық конференция өтті.

Конференцияда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында облыста бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқанын мәлімдеді.

«Студенттерді жатаханамен қамтамасыз ету мақсатында инвесторлармен айтарлықтай жұмыс жүргіздік. Сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жиналыстар өтіп, «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы тарапынан мамандар кездесулер ұйымдастырылды. Елбасының аталған Үндеуіндегі мақсат-міндеттер бойынша бүгінде оның құрылысы басталып кетті. ТарМПУ бойынша жатақхананың жобасы дайын. Тек оны салатын жер мәселесі шешілсе болды. Ол да әне-міне шешіліп қалуы керек«, - дейді Талғат Жамалов.

Сондай-ақ ТИГУ бұрынғы «Тараз» қонақ үйін сатып алу арқылы жатақхана мәселесін түбегейлі шешкелі отыр. Яғни, аталған қонақ үйді 500 студентке шақтап, ғимаратқа жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сәтін салса, жатақхананың құрылысы осы айда бітеді.

«Ал колледждерге келсек, облыс орталығында Жамбыл медициналық колледжі мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенттері баспанаға мұқтаж. Нақтырақ айтқанда, аталған екі колледжге 650 орындық жатақхана керек. Бүгінде ол мәселені шешу үшін инвесторлармен жер мәселесі мен қаржы мәселесін шешу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Демек, аталған жұмыстар келесі жылы басталып, жаңа оқу жылына дейін бітуі керек. Сондай-ақ Меркі ауданындағы №9 колледжге де 100 орындық жатақхана салу қажет. Қазіргі таңда инвестор табылып қойды. Енді жер мәселесі шешілсе жұмыстар басталмақ. Мұндағы жұмыс та жаңа оқу жылына дейін толық аяқталуы тиіс. Демек, келер жылы колледждерде екі жатақхана пайдалануға беріледі», – деді Талғат Салқанұлы.

Айта кетейік, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік грант иегері атанған болатын. Іс-шара осы аталған грант аясында өткізілді.

Соңғы жаңалықтар