Таразда Қазақстан құрамасын ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шығарып салды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - 31 тамыз күні «Тараз-Арена» спорт кешенінде Қазақстан ұлттық құрамасын ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шығарып салу рәсімі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы Раухан Тоғымбаеваға сілтеме жасап.

Шараға Спорт және денешынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов, Жамбыл облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, сондай-ақ белгілі қазақстандық спортшы Ақжүрек Таңатаров қатысты. Б. Байжановтың айтуынша, Қазақстан құрамасы оқу-жаттығу жиындарын өткізген, сайыстарға сақадай сай тұр.

Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын аударыспақтан Азияның үш дүркін чемпионы Сырым Ізбасаровқа салтанатты түрде тапсырды.

Еске сала кетейік, ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2-8 қыркүйек аралығында Қырғызстанның Шолпан ата қаласында өтеді. 37 ұлттық спорт түрінен өтетін дүбірлі додада әлемнің 80 елінен жиналған үш мыңға жуық спортшы қатысады. Қазақстаннан екі жүзге жуық спортшы барады.

Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына алғаш рет өткізілген 2014 жылдан бері қатысып келеді. Сол жолы қазақстандықтар 11 алтын, жалпы 28 медаль алып, 18 елдің арасында екінші орынды иеленген болатын.

2016 жылы ұйымдастырылған ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 63 елден мыңнан астам спортшы қатысты, олардың ішінде дәстүрлі түрде көшпенді халық саналмайтын елдер де болды. Қазақстан спорттың 22 түрінен 13 алтын, жалпы 39 медаль алып, жалпы есепте үшінші орынды қанағат тұтты.

Соңғы жаңалықтар