Таразда «Қазақ халқына мың алғыс» монументі бой көтерді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласында еліміздегі өзге ұлт өкілідерінің қазақ халқына деген алғысының символикалық белгісі ретінде «Қазақ халқына мың алғыс» монументі бой көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа монумент «Арбат-1» жаяу жүргіншілер аллеясында орын тепкен. Оның құрылысын «Темір-Байлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Биіктігі 30 метр нысанның құрылысына 158 миллион теңге қаржы жұмсалған.

Нысанмен танысқан Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев монумент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы аясында бой көтергенін атап өтті.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі ұлтаралық қатынастарды нығайту жолында ауқымды жұмыстар атқаруда. Біз соғыс, ашаршылық, репрессия секілді көптеген қиындықтарды бірге еңсергенбіз, оны бүгінгі ұрпақ жете біліп, түсінуі әрі есте сақтағаны аса маңызды. Қазақтар бауырлас халықтарға қиын-қыстау кезеңдерде қол ұшын созып, бауырына баса білді. Бұл ескерткіш олардың қазақ халқына шын жүректен алғыс білдіруінің белгісі. Ең бастысы – елімізде тұратын барлық этностардың достығы, бейбітшілігі мен ынтымағы. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық қазақстандықтар тең жағдайда өмір сүруі керек деп үнемі айтып келеді. Сондықтан әр этностың өз тілін, дәстүрін, әдет-ғұрпын және мәдениетін сақтап қалуы үшін көп күш жұмсалды. Біздің тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды жетістігіміз – сақталып, нығайып келе жатқан ұлтаралық достығымыз», - деді облыс әкімі.


Ал «Днепро» украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Федор Клименко барша этностардың атынан қазақ халқына алғысын білдірді. Сонымен қатар М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі Парида Иманжанқызы сөз сөйлеп, монументтің тағылымы теңдесіз екенін жеткізді.

Тілшілер сөзге тартып көрген қала тұрғындары да демалыс орнында жанға жайлының бәрі бар екенін айтып, облыс әкімдігіне алғысын жаудырды.


Соңғы жаңалықтар