Таразда қатты күйіп қалған баланың жағдайы жақсарып келеді - дәрігерлер

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жанармай өртеніп, денесін күйік шалған алты жасар Максим Легостаевты емдеу қалай жүргізіліп жатқаны жөнінде Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Науқас алты жасар Максим Легостаев 17 маусымнан бастап қалалық №2 аурухана күйікті емдеу бөлімшесінде «басы, мойны, арқасы және екі иығы екінші және үшінші дәрежеде термиялық жалыннан күйген» деген диагнозбен стационарлық емдеу жүргізілуде. Қазіргі уақытта баланың жағдайы бірқалыпты. Ем-дом шарасынан кейін баланың жағдайы жақсарып келеді, күйік шалған жер 12% азайды. Барлық емдеу және диагностикалық іс-шаралар диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес жүргізілуде», - делінген басқарманың баспасөз хабарламасында.

Қалалық №2 аурухана дәрігерлері баланы емдеу Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне - ТМКК сәйкес жүргізілгенін мәлім етті.

Айта кетейік, 17 маусым күні Тараз қаласындағы №2 аурухананың күйік бөліміне денесінің көп бөлігін күйік шалған 6 жасар бала түсті. Дәрігерлер оған «басы, мойны, арқасы мен екі иығынан, денесінің 18% 2-3 дәрежедегі күйік шалған» деген диагноз қойған.

Баланың айтуынша, ол тез тұтанатын сұйықтықпен ойнап жатқан кезде жасы 7-ге толған көрші үйдің балалары келіп, оған от қойған. Қазір сараптамалар тағайындалып, жанармай құйылған ыдыс тәркіленген.

Аталған фактіні Тараз қалалық Ішкі істер басқармасы сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізіп, ҚР ҚК 107-бабы, 2-бөлігі негізінде қылмыстық іс қозғады.

Автор: Галина Скрипник

Соңғы жаңалықтар