Таразда карантин талабын бұзған ресто-бар мен түнгі клуб жабылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында карантин талаптарын сақтамаған ресто-бар мен түнгі клубтың жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде пандемия басталған уақыттан бері үкімет халықты COVID-19 инфекциясынан қорғау шараларын қабылдады.

Елде карантин енгізілген соң, бұқаралық іс-шаралар, мерекелер мен тойларды өткізуге тыйым салынды. Бұл вирустың таралуына тосқауыл мүмкіндік берді.

Сол секілді Тараз қаласы бойынша мониторингтік топтар санитарлық-эпидемиологиялық талапты бұзған мейрамханалар мен дәмханалардың иелеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырды.

Жалпы 259 хаттама толтырылып, оның 244-і сотқа жолданды және тағы 15 хаттама өңдеу сатысында тұр. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Жалпы рестораторлар бюджетке 51 761 500 теңге төледі. Алайда, мейрамхана иелері толтырылған хаттамаға қарамастан карантин талаптарын бұзуды жалғастырған жағдайлар да болды. Бұл - жастар арасында кең танымал «Salvador» ресто-бары мен «Fashion M Club» түнгі клубы» делінген хабарламада.

Осыған байланысты Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен облыс аумағында карантин алынғанға дейін аталған қоғамдық нысандардың жұмысы тоқтатылды.

Сот шешімі заңды күшіне 10 тәулікте енеді.


Соңғы жаңалықтар