Таразда «Хандықтықтың туын тіккен киелі өлке» кітабының тұсаукесері өтті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жүздесу барысында «Әдеби өлке» жобасы аясында «Хандықтықтың туын тіккен киелі өлке» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еркін форматта өткен кездесуде көрнекті қоғам қайраткерлері, жазушылар, ақындар рухани және мәдени құндылықтар жөніндегі өзекті мәселелерді саралады.

Бердібек Сапарбаев алдымен облыстың биылғы нәтижелеріне қысқаша тоқталып өтті. Ол экономикалық болжамдар жүз пайызға немесе одан да артығымен орындалатынын сеніммен жеткізді.

«Ауқымды жоспарлар жүзеге асырылуда. Коронавирустық дағдарысқа қарамастан, біздің өңір жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Мемлекет басшысының және үкіметтің қолдауының арқасында біз көптеген ауылдарды сумен және газбен қамтамасыз ете алдық, әлеуметтік нысандар салдық, жолдарды жөндедік. Жамбылдықтарға әлеуметтік көмекке шамамен 45 миллиард теңге бөлінді. Әрине, шешімін күткен мәселелер әлі де жоқ емес. Тұрақты сауалнамалар жүргізіліп, алаңдатарлық нүктелер анықталуда. Мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып жатыр», - деді облыс әкімі.

Өңір басшылығы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға ғана емес, мәдени саланы дамытуға да назар аударуда.

Ол Жамбыл жері әрқашан таланттарға бай болғанын, ақын-жазушылар жас ұрпақты тәрбиесінде жарқын өнеге болып табылатындығын баса айтты.

Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ұлықбек Есдәулет сөз сөйледі.

«Әулиеата топырағынан туған талантты ақын-жазушылар көп.

Олардың арасында айтулы жазушы және журналист Шерхан Мұртазаны, қазақ әдебиетінің қазіргі заманғы классигі Несіпбек Дәутайұлын, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованы айрықша атауға болады. Қазақстан Жазушылар одағы қазіргі жас таланттарды танытуға ниетті», - деді ол.

Ұлықбек Есдәулет Жамбыл облысында республикалық әдеби фестиваль өткізуді ұсынды. Б. Сапарбаев бұл идеяны қолдады.

Белгілі жазушылар мен ақындар шығармашылық мамандық иелеріне көрсеткен қолдауы мен ілтипаты үшін облыс әкіміне алғыс айтып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Олар мүмкіндігінше мәдени іс-шараларды көптеп өткізу керектігін алға тартты. Сонымен қатар, олар өңірдегі

мәдени-тарихи мұраларды сақтау мәселелеріне де тоқталды. Бұл – аса маңызды. Өйткені, Тараз – біздің тарихымыздың бесігі.

Бұл күні жергілікті жас ақындар Табиғат Абаилдаев, Данияр Әлімқұл және Нұржан Қадірәліге Қазақстан Жазушылар одағының куәліктері тапсырылды.

Жазушы-драматург Елен Әлімжанға, ақындар Қайырбек Асанов пен Шырын Мамасеріковаға 75 жылдық мерейтойларына орай Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының құттықтау хаттары табысталды.


Соңғы жаңалықтар