Таразда халықаралық қолөнер көрмесі өтіп жатыр

Фото: Фото: Ақәділ Рысмахан
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл жерінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты ІІ халықаралық көрме өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үш күнге созылатын ауқымды іс-шараға Азия-Тынық мұхиты, Орталық Азия, Еуропа, таяу шет елдер мен Қазақстаннан жиналған 250 қолөнерші қатысып жатыр. Осыған орай, халықаралық қолөнершілер қауымдастықтары, халықаралық сарапшылар, туризм саласындағы мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар өкілдері де өңірге арнайы атбасын бұрды.


Көрменің ашылуы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде өтті. Қолөнер бұйымдары «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі «Галерея», «Көрме залы» ғимараттарында және кешен алаңында арнайы орналастырылған шатырларда, ақшаңқан киіз үйлерде көпшілік назарына ұсынылды. Салтанатты шараның ашылуында Азия-Тынық мұхиты аймағы қолөнершілерінің дүниежүзілік кеңесінің вице-президенті Азиз Муртазаев 80-нен астам имидждік және маусымдық топтамалардың авторы, Қазақстандағы нео-фольклор стилінің негізін қалаушы, әлемге белгілі әулиеаталық дизайнер Айдархан Қалиевке шапан жапты.


«Тараз ежелден-ақ Ұлы Жібек жолындағы сауда және қолөнердің бастау алған орталықтарының бірі саналған. 2000 жылдан астам тарихы бар қала түркі мәдениетінің символына айналды. Осынау тарихында қала көптеген мемлекеттердің астанасы және Ұлы Жібек жолының ірі сауда орталығы болды. Біз туризм мен қолөнерді дамыту бойынша ауқымды шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы бағытта жұмыс істеуге ниет білдірген кәсіпкерлерге өз жобаларын жүзеге асыруы үшін жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Бұл жұмыстар туризм үшін қолайлы аймақ ретінде біздің өңірдің өзіндік бейнесін қалыптастыруға толық көмектесетініне күмән жоқ», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров.


Көрме барысында кәдесый өнімдерін сату жәрмеңкесі, шеберлік сағаттары, жас суретшілер мен қолөнершілер байқаулары, сондай-ақ, Тараз қаласының тарихи орындары мен көрікті жерлерін аралау бойынша ақпараттық турлар ұйымдастырылады. Өңірдің туристік имиджін ілгерілету, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, жақын және алыс шетелдерден келген өнер шеберлері арасында тәжірибе алмасуды мақсат тұтқан ауқымды іс-шара үш күнге созылады.

Айта кетейік, былтыр 2000 жылдан астам тарихы бар Тараз шаһары Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы атанды. Әлем бойынша қолөнершілер шаһарларының тізімі 2014 жылы жасалған. Тараз бұл тізімге енген Қазақстандағы алғашқы қала.


Облыста бүгінде 3500-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың 5-і ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұра тізбесіне енген. Ал Тараз қаласының өзінде 80-ге жуық қолөнерші бар. Олардың 30 пайызы киіз өнімдерін өндіреді. Бұған дейін Жамбылдық қолөнершілердің бұйымдары АҚШ-тағы көрмелерге қойылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар