Таразда халықаралық «Аспара fashion week» сән апталығы өтуде

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда «Аспара fashion week» сән апталығы басталды. Халықаралық деңгейдегі көрсетілімге көршілес Қырғыз, Тәжік мемлекетінің дизайнерлерімен қатар әлемдік брендтерімен танымал Италия, Ресей және Болгария елдерінен арнайы меймандар шақыртылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осымен 4-ші жыл қатарынан өтіп жатқан апталық отандық дизайнерлерге халықаралық аренада өз өнімдерін жарнамалауға мүмкіндік бермек.

Апталықта Еуропа мен Азия елдерінен 20-ға жуық дизайнердің туындылары ұсынылатын болады. Көрсетілімге жеңіл өнеркәсіптің дамуына қызығушылық танытатын мамандар, оның ішінде алыс-жақын шет елден арнайы қонақтар келген. Олар мұндай мәдени кеш шебердің шығармашылығын шыңдап, әр дизайнерді жаңа идеяларға шабыттандырады дейді.

«Мен Қазақстанға жиі келемін. Өйткені мұндағы дизайнерлермен тығыз қарым-қатынастамын. Өзара тәжірибе алмасып отырамыз. Қазақтың ұлттық киімдеріне қызығушылығымыз бар. Онда ұлттық нақыштағы оюлар ерекше әсер беріп тұрады», - дейді Италиядан арнайы келген, «Милано» сән үйінің директоры Марианна Мичели.

Шара барысында қазақстандық дизайнерлер неофольклор стиліндегі топтамаларды таныстырды. Қонаққа, балаларға, күнделікті деп бөлінген киімдердің көпшілігі қазақи нақышта жасалған. Себебі, талғамы биік тұтынушылардың қызығушылығы қазір осы бағытқа ауған. Қолөнершілер, тіптен дәстүрлі брендтеріміз шет елге сатылымға жіберілетінін айтады.

«Мұндағы көйлектер өзіміздің дизайнерлердің қолынан шыққан дүниелер. Қазір елімізде сән саласында жүргендердің басым бөлігі ұлттық нақыштағы киімдерді тігеді. Өйткені, қоғамның өзінде оюлы-өрнекті, кестелі киімдер сұранысқа ие», - деді «Асыл-Дизайн» сән үйінің бас дизайнері Айдархан Қалиев.

Сән апталығы аясында қонақтар көне шаһардың керемет жерлеріне саяхаттайды. Ұйымдастырушылар тарапынан туризімді дамыту мақсатында мұнан өзге де көптеген мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар