Таразда Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовқа ескерткіш орнатылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Таразда Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына Ғазиз Байтасовтың ескерткіші қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Саябақтағы ескерткіштің салтанатты ашылуы шарасына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров, Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Махметғали Сарыбеков және Ғазиз Байтасовтың отбасы қатысты.

Қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасов осыдан тура 50 жыл бұрын 3 сәуірде өмірге келген.

Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров бүгінгі қуанышты оқиға – бейбіт күнде азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін қиған адамдарға құрмет болатанын айтты. Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдары қызметтік борышын орындау кезінде 800-ге жуық полиция қызметкері қаза тапқан. ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасымен жыл сайын олардың ерліктеріне арналған «Қазіргі заман қаһарманы» республикалық акциясы өткізіледі.


Облыстық полиция департаментінің басшыы Жанат Сүлейменов Ғазиз Байтасовтың ерлігі Қазақстан полициясының барлық қызметкерлеріне үлгі болатынын жеткізді. Ол туралы естелік ұрпақтан ұрпаққа жете бермек.


Еске салсақ, Таразда 2011 жылы 12 қарашада лаңкестердің қылмысы салдарынан 7 адам қаза тапқан, оның 5-еуі полиция қызметкері, 2-еуі азаматтық тұлға. Полиция капитаны Ғазиз Байтасов сол атыс кезінде адамдарды құтқару үшін гранатасы бар лаңкестің жолын кесті, сөйтіп қаза тапты.

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен оған қайтыс болғаннан кейін Халық қаһарманы атағы берілді.

Еске сала кетсек, наурыз айында осындай салтанатты жағдайда ескерткіштің іргетасы қаланған болатын.



Соңғы жаңалықтар