Таразда гимнастика және үстел теннисі орталығы ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының орталығында «Таразға тарту» жобасы аясында гимнастика және үстел теннисі спорт кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тараздықтарды кешеннің ашылуымен құттықтаған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру шеңберінде өңірде бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауқымды шаралар атқарылып жатқанын айтты.

«Әрбір мемлекетті, ұлтты әлемге танытатын, абыройын арттыратын бірден-бір дүние спорт. Тәуелсіздік жылдары Қазақстаннан талай Олимпиада, Әлем, Азия чемпиондары шықты.

Мемлекет басшылығының тапсырмасына сәйкес өңірде бұқаралық спортпен жүйелі түрде шұғылданатындардың көрсеткіші артып келеді. Бүгінде олардың саны 400 мыңға жуықтап, 34,4 пайызды құраса, біз бұл көрсеткішіті 40 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз.

Жастарымыз спортпен айналысып, жаман жат әдеттерден аулақ болуы тиіс. Ол үшін жергілікті билік жағдай жасауы қажет.

Жыл сайын жаңадан спорт кешендері бой көтеріп, халық игілігіне берілуде. Өткен жылы 14 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 92 спорт алаңшасы қолданысқа берілді.

Облыста алғаш рет ашылып отырған гимнастика және үстел теннисі спорт кешенін салып берген жеке инвестор «ТаразСтрой2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Мейірбек Жүнісбековке алғысымызды білдіреміз. Мұндай заманауи нысанда жаттыққан балалар ертең чемпион атанарына сенімдіміз»,-деді облыс әкімі.

Үстел теннисінің ардагері Анатолий Гончаров қазір елімізде спорттың бұл түрі жақсы қолға алынып, дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, жаңа ғимараттың жабдықталуын жоғары бағалады.

«Үстел теннисі – бұл әлемдегі ең танымал және 850 миллионнан астам жанкүйері бар олимпиадалық спорт түрі. Облыста әуесқой деңгейде үстел теннисімен 9734 спортшы, кәсіби деңгейде 640 спортшы айналысады және 21 жаттықтырушы бар. Бүгінгі ашылып отырған кешен спортшылардың кәсіби өсуіне және шұғылданушылар контингентін арттыруға жағдай жасайды»,-деп сенім білдірді ол.

Акробатика және батуттағы гимнастикадан спорт ардагері Ольга Назарова кең әрі жоғары деңгейде жабдықталған зал гимнастиканы тиісті деңгейде дамытуға және балаларды дене шынықтыру мен спортқа жаппай тартуға мүмкіндік беретінін айтты.

Мұнда оқу-жаттығу сабақтарын, шеберлік сыныптарын өткізу үшін кәсіби спортшылар мен жаттықтырушыларды тарту жоспарлануда.

Сыйымдылығы 600 адамды құрайтын кешен үстел тенисі (300 адам) және көркем гинастикаға (300 адам) арналған екі үлкен спорт залдан тұрады. Құны 1,5 миллиард теңге болатын жоба құрылысы ағымдағы жылдың наурыз айында басталып, бүгінде толығымен аяқталған.



Соңғы жаңалықтар