Таразда есірткіні жарнамалайтын 100-ден астам графитти жазу жойылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылдық полицейлер мен еріктілер «Біз есірткіге қарсымыз!» бірлескен акциясын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Тараз қаласының «Табысты адамдарды таңдау» қоғамдық бірлестігінің еріктілерімен бірлесіп, «Біз есірткіге қарсымыз!» тақырыбында іс-шара өткізді. Шара барысында облыс орталығындағы үйлер мен ғимараттардың қабырғаларындағы граффити жазулар жойылды. Мұндай граффити жазулардың мазмұнында есірткі сатып алу үшін кодтық сөздер мен байланыс нөмірлері көрсетіледі.

Акция нәтижесінде қала бойынша 100-ден астам осындай жазулар жойылды. Сондай-ақ, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет желісінің күнделікті мониторингі арқылы Telegram қосымшасында жұмыс істеп, есірткіні насихаттаған интернет-сайттарды анықтады. Қазіргі уақытта аталған интернет-сайттар бұғатталып, оған қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау бойынша іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.

«Жамбыл облысының тұрғындары үшін маңызды ақпарат. Граффити-жазулар жазғаны және компьютерлік желілерде көрсетілген мәліметтерді таратқаны үшін 2020 жылғы 11 қаңтарда заңды күшіне енген ҚР ҚК 299-1-бабы бойынша жаза көзделген, яғни, 1-бөлім бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыру; 2-бөлім бойынша – үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады», - делінген облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ, Полиция департаменті облыс халқын еліміздің азаматтары мен болашақ ұрпақтың денсаулығына қауіп төндіретін есірткінің таралуынан туындайтын жалпы проблемадан тыс қалмауға, есірткі қылмысына қарсы күресте белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырады.


Соңғы жаңалықтар