Таразда ешқандай базар жабылмайды - әкім

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат -  Жуырда орын алған өрттен кейін «Ауыл береке» базары жабылады» деп ел арасында тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс орталығындағы базарлар мен өзге де сауда орындарын қолданыстағы заңнама талаптарына сай келтіру және басқа да ұйымдастыру мәселелері туралы өткен жиында өңірдегі ірілі-ұсақты сауда орындарының жай-күйі жан-жақты талқыланды.

Қазіргі таңда облыста 43 сауда базары бар.  Оның 29-ы жаңғыртуды қажет етеді. Ал, Тараз қаласында 19 базар тіркелген. Оның 17-сі - әмбебап, екеуі - мамандырылған базар. 

«Бүгінде Тараз қаласындағы 5 ірі сауда орнында кешенді тексеріс жүріп жатыр. Осыған дейін павильон иелерінің шамамен үштен бірі салық органдарына тіркелмегені анықталған. Базар иелерінен қолдау болмағандықтан, тексеріс барысында бірқатар қиыншылықтар кездесуде. Соған орай рейдтік тексеріс 1 айға созылмақ. Сонымен қатар, базардың табысы мен шығынын барлау үшін арнайы хронометраж жасалады», - деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров.

Жиында Асқар Исабекұлы ел ішінде айтылып жүрген әңгімелердің қисынсыздығын алға тартып, өңірдегі ешқандай базар жабылмайтынын, ондағы сауда жасап күн көріп отырған халықтың жағдайы ескерусіз  қалмайтынын баса айтты. Алдағы уақытта сауда орындарының иелерімен арнайы меморондум жасалмақ. Ол құжатта базардағы тазалық, тәртіп, төтенше жағдайлардың алдын алуға арналған сақтық шаралары мен құрылыс нормаларының сақталуы, өзге де талаптарға сай болуы секілді көптеген мәселелер қамтылмақ. Базардың сыртқы келбеті, базар дүңгіршектеріндегі  тауардың қаржылай көлемін нақтылап отыру секілді жайттар да назарға алынады.   

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша жұмыс тобы құрылып, жоспар бекітіледі. Сондай-ақ, облыс басшысының қатысуымен тұрақты түрде басқосулар өтіп тұратын болды.


Ғибрат Сембай

 

Соңғы жаңалықтар