Таразда екі жаңа спорт кешені ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - «Астананың 20 жылдығына - 20 нысан» республикалық акциясы аясында Жамбыл облысында екі жаңа спорт кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық спорт және дене тәрбиесі басқармасына сілтеме жасап. 

«Облыс орталығында жаңа екі спорт кешені салынды, ашылу салтанатына танымал спортшылар, спорт саласының ардагерлері, жергілікті билік өкілдері қатысты. Бұл -  №1 Олимпиада резервін дайындайтын Облыстық мамандандырылған мектептің үшінші ангарлық зал. Енді 180 оқушы осы залда бір ауысымда дзюдо, еркін және грек-рим күресі, бокс, кикбоксинг, ұлттық күреспен айналыса алады. Мұнда үш жаттығу залы толығымен жабдықталған, спортшыларымыздың еш кедергісіз жаттығуына барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі велосипедтерге арналған жолдар толығымен жабдықталған. Жамбылдық велошабандоздар «Астана» велокомандасының құрамында өнер көрсетпек. Бұл жаңа кешенді ашудағы мақсат - облыстағы велоспортты дамыту»  делінген хабарламада. 

Облыстық мамандандырылған спорт мектебінің негізінде ашылған спорт кешенінің бағасы 494,7 млн теңгені құрады, ал велосипед кешенінің құны - 166, 5 млн теңге.  Спорт кешенінде бір мезгілде 50 бала жаттыға алады.

Еске сала кетейік, Жамбыл облысында Елорданың 20 жылдығына орай ашылатын 20 нысанның қатарында сегіз балабақша, төрт спорт-сауықтыру кешені, «Burnoye Solar-2» ЖШС  күн электр стансасының екінші кезегі, ас тұзын шығаратын және өңдейтін зауыт, сүт өнімдерін шығаратын зауыттың цехі, ауылдық тарих музейі, дәрігерлік амбулатория, ауылшаруашылық кооперативі, жаңа 70 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй кіреді.

 

Соңғы жаңалықтар