Таразда екі баланы құтқарған полиция инспекторы марапатталды

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің бұйрығымен Тараз қаласы полиция басқармасының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Қайрат Тұрлыбаев мұз астына түскен екі баланы құтқарғаны үшін марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марапаттау рәсімі Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде өтті. Қайрат Тұрлыбаев «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 31 наурызда бұқаралық ақпарат құралдарында учаскелік полицейдің ерлігі туралы мақала жарияланған болатын.

2022 жылдың 28 желтоқсанында Қайрат Тұрлыбаев Таразда Саңырақ батыр көшесіндегі канал жанынан өтіп бара жатып, көлігінің ашық терезесінен балалардың көмек сұрап айғайлағанын естиді. «Көмекке шақырған дауысты естіген бойда ойланбастан көлігімнен шығып, каналға қарай жүгірдім. Жақындай бере, шамамен 9-10 жас аралығындағы екі ұлдың суық су ішінде мұздың шетінен ұстап, айғайлап жатқанын көрдім»,– дейді ол.

Полиция қызметкері жылдам суға түсіп, ұлдарды бірінен соң бірін шығарып, үйлеріне апарады.

Сосын су болған киімдерін қайта ауыстырып, болған оқиға туралы ешкімге айтпастан қызметін жалғастырған. Полиция қызметкерінің батыл әрекеті туралы құтқарылған ер балалардың ата-аналары БАҚ өкілдеріне хабарлаған.

Солай, көпшілік тәртіп сақшысының ерлігі туралы үш айдан кейін ғана білген.


Соңғы жаңалықтар