Таразда екі аптаға карантинге жабылған үйде коронавирус басқа ешкімге жұққан жоқ

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласында 7 сәуір күні карантинге жабылған көппәтерлі тұрғын үйдің бір кіреберісі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Тараз қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.

Тараз қаласында 7 сәуір күні коронавирус инфекциясын жұқтырған 86 жастағы әйел тіркеліп, науқас анықталған «Қарасу алқабы» шағынауданындағы көппәтерлі тұрғын үйдің кіреберісі карантинге жабылған болатын. Эпидемиологиялық тексеру барысында тұрғынның 17 наурыз күні Алматы қаласынан келген жақын туысымен байланыста болғаны анықталып, ол инфекциялық стационарға жатқызылған. Ал, онымен байланыста болған 5 адам анықталып, олар да карантинге орналастырылды.

Аталған тұрғын үйдің кіреберісінде және тұрғынның тұрғылықты жері бойынша дезинфекциялық өңдеу шаралары жүргізілген. Осы кіреберістегі пәтерлерде тұратын тұрғындар 14 күнге оқшауланып, оларға үйінен шығуға тыйым салынған болатын.

Тараз қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қызметтерін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Әбділдәнің айтуынша, бұл кіреберісте оқшауланған 26 тұрғынның 11-і 18-ге толмаған балалар, ал 15-і ересек адамдар. Осы 14 күн ішінде олардың денсаулық жағдайлары жергілікті емханада бақыланып, ешқандай ауытқу белгілері байқалмаған.

Оқшауланған кіреберістің тұрғындарына екі апта пәтерлерінен шығуына тыйым салынып, осы аралықта Тараз қаласының әкімдігі пәтер тұрғындарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз еткен. Бүгін Тараз қаласының әкімдігі сол «Қарасу алқабы» шағынауданындағы тұрғын үй кіреберісінің карантиндік режимінің аяқталғанын мәлімдеді. Карантинге жабылған тұрғындарға тек жергілікті билік қана емес, кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар да қолдау көрсеткен болатын.

«Біз санэпидқадағалау мекемесінің талаптарына сай 14 күн бойы үйден шықпай, медицина қызметкерлерінің күнделікті бақылауында болдық. Соның арқасында басқа ешкімнен вирус шыққан жоқ. Осы 14 күн ішінде қала әкімдігі мен демеушілердің көмегімен бізге күнделікті азық-түлігіміз бен ыстық тамағымыз жеткізіліп отырды. Сол үшін азаматтарға алғысымызды айтамыз», - деді аталған тұрғын үйдің тұрғыны Аягөз Майлиев.



Соңғы жаңалықтар