Таразда дұрыс тамақтану орталығы ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Жамбыл облыстық көп бейінді ауруханасының базасында «Дұрыс тамақтану» орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дұрыс тамақтану орталығының жетекшісі, Жамбыл облыстық көпсалалы ауруханасының диетологы Баян Баймұратованың айтуынша, орталықта азаматтарға дұрыс тамақтану бойынша ақпарат беріледі.

«Бүгінде дұрыс тамақтану мәселесі өзекті болып отыр. Бұл қоршаған ортаның бұзылуына, организмге қоректік заттардың жеткіліксіз түсуіне және дұрыс тамақтанбауға байланысты. Орталықта диетолог, эндокринолог, гастроэнтеролог және кардиолог мамандарының кеңесі ұйымдастырылған. Өйткені, дұрыс тамақтанбау үрдісі метаболизмді бұзады, бұл семіздікке, қант диабетіне, асқазан-ішек жолдары мен жүрек-тамыр жүйесінің ауруларына әкелуі мүмкін» дейді Баян Баймұратова.

Кез келген адам орталыққа келіп, дұрыс тамақтану мәселелері бойынша қажетті ұсыныстар ала алады. Мысалы, семіздікке шалдыққандарға сарапшылар тағамды салмағына, бойына, жасына және жынысына қарай тағайындайды.

Сондай-ақ, мамандар коронавирустан айыққан пациенттерге ағзаны қалпына келтіруге, дәрумендер пайдалалануға, күрделі оталардан кейінгі науқастарға ем-дом түрлерін таңдауға көмек береді.

«Дұрыс тамақтану орталығын ашу қажеттілігі әлдеқашан пісіп жетілген. Біздің азаматтарымыз өнімді таңдауға саналы түрде жүгінуі керек. Салауатты өмір салтын ұстанған адам дұрыс тамақтануға ден қойғаны абзал. Біз тұтынатын нәрсенің бәрі дененің жай-күйіне, көңіл-күйге, жұмысына әсер етеді. Орталық «Зер-Күміс» ЖШС бастамасымен және тікелей қолдауымен ашылғанын атап өткім келеді» деп атап өтті облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Аталған серіктестік директоры Зайда Арынбаева өз ұйымының орталыққа арнап дұрыс тамақтану үшін түрлі диеталар туралы нұсқаулықтар, буклеттер дайындағанын айтып өтті.


Соңғы жаңалықтар